Құрғақшылық кезде рекордтық өнім жинаған шаруашылық
Өткен жылы еліміздің ауыл шаруашылығы саласы қуаңшылықтан қатты зардап шекті. Дегенмен оңтүстікте құрғақшылықта рекордтық өнім жинаған шаруашылық бар. Ол 28 жылдан бері күріш, бидай және жоңышқа өсірумен айналысып келе жатқан Қызылорда облысындағы «Мағжан және К» ЖШС. Былтыр кәсіпорын 5100 га алқапқа күріш егіп, гектарынан 64 центнер өнім жинады. Облыс бойынша орташа көрсеткіш 50 центнерден аспайды. Өзгелер шығынға батқанда науқанды сәтті қорытындылаған компанияның өкілдері тәжірибелерімен бөлісті.
Тыңайтқыш беру әдісі жаңартылды
Күріш өсірудің инженерлік жүйесі кеңес үкіметі тұсында қалыптасқан. Тұқымды сақтау, егу, күтіп-баптау, қоректендіру мен жинау сияқты технологиялық тізбектің дені соған сәйкес жүргізіледі. Бірақ жаңа сұрыптардың бітік шығуы үшін заманауи тәсілдердің қажеттігі туындаған.
Серіктестіктің агрономы Асқар Әлиақбаровтың айтуынша жаңа сұрыптарға дәстүрлі жолмен тыңайтқыш беруге келмейді. «Сондықтан минералды тыңайтқыштарды енгізу жүйесін қайта қарап, тұқымды қоректендіру әдісін түбегейлі өзгерттік. Негізгі тыңайтуға көктемде аммофос пен аммоний сульфатын ғана пайдаланамыз. Жазда вегетация бойынша қоректендіруге карбамид бар. Көп шаруашылықтар вегетация бойынша қоректендіруге аса мән бермейді де маусымда бұл шара небәрі бір рет ғана атқарылады. Бізде тұрақты түрде екі рет жапырақ үстімен қоректендіру жолға қойылған. Сонда ғана өсімдік қажетті мөлшерде азотты алады», дейді ол.
Ғалымдардың айтуынша фосфор, калий элементтері топырақта жеткілікті. Бірақ олар өсімдікке сіңімді формада емес. Оның аз мөлшері ғана сіңімді формаға айналады, бірақ өсімдікке жетпейді екен.
«Мысалы 5 жылдық күріш деп алсақ бірінші жылғы тұқымға аммофос жеткілікті. Сосын жазда 1 мәрте карбамидпен үстеп қоректендіреміз. Екінші жылғы күрішке тыңайтқыш сәл көбірек беріледі. Одан кейінгі жылдардағы күрішке аммофос пен аммоний сульфаты жоғары мөлшерде себіледі. Екінші жылғы күрішке гектарына 200 аммоний сульфаты, 150 кг аммофос және 100 кг карбамид 1 рет беріледі. Одан кейінгі үшінші жылғы күріш те стандартқа сәйкес қоректендіріледі. Оның мөлшемі мынадай: 150 кг аммофос, 300 кг аммоний сульфаты, 2 рет үстеп қоректендіру. Бірінші үстеп қоректендіруге 100 кг, екінші үстеп қоректендіру 50-70 кг немесе тағы да 100 кг тыңайтқыш жұмсалады. Әрине тұқымның сортына, түріне қарай аздаған ауытқушылықтар болуы мүмкін. Оның барлығын ресейлік ғалымдармен кеңесе отырып анықтаймыз», деп көрсетті маман. Сондай-ақ, тыңайтқышты беру фазасы қатаң сақталуы керек.
Ерте немесе уақытынан кеш берілген тыңайтқыштан пайда жоқ.
«Топырақты қопсытқанда шамамен 10 см. тереңдікке аммоний сульфаты себіледі. Аммофосты күрішпен бірге немесе себу алдында жүргізілетін культивация кезінде енгізуге болады. Үстеп қоректендіру міндетті түрде жүргізілуі тиіс және ол күрішті түптеу фазасына орындалады. Ол дегеніміз 3 жапырақтан 9 жапырақ шыққанға дейінгі мерзім. Температураға байланысты 7- 10 күннің ішінде күріш өскін беріп, өсу фазасы басталатынын еске ұстау керек. Әдетте түптеу фазасы басталғаннан кейінгі 20-25 күннен асырмай екінші үстеп қоректендіреміз. Түптеуден кейінгі берілген азот тыңайтқыштарының ешқандай тиімділігі жоқ. Түтікке шығу, масақтану кезінде фосфор мен калий элементтеріне қажеттілік артады. Көктемде берген фосфорымызды өсімдік шілдеде алады. Сол кезде фосфорымыз еріп, сіңімді формада дайын тұрады. Сол үшін диқандарға көрсетілген мерзімді қатаң сақтап, барлық кешенді жұмыстар өз уақытында орындалуы қажеттігін үнемі айтып жүремін».
Жаңартылған тағы бір дүние - тыңайтқыштардың салмағы 900 кг жететін биг бэгке салынуы. Бұрын 50 келілік қаппен келетін тыңайтқышты түсіріп, тиеу жұмыстарына 7-8 адам жұмылдырылатын. Қазір бұл жұмыс механикаландырылды, кранмен көтеріп, бірден егістік алқабына себіледі.
Маман ретінде тағы бір айта кетерім, фермерлерге 1 ғана сұрыпты егумен шектелуге әсте болмайды. Кем дегенде 2-3 сұрыпты қатар егу өсімдік ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Лазерлік тегістеу – су үнемдеудің тиімді тәсілі
Егінші жылда арманда дейді. Әр маусымға дайындықпен келсек те, әттеген-ай деген тұстар шығып жатады. Осыған дейін жіберілген басты қателігіміз жерді тегістемеуіміз деп айтар едім. Күріш алқаптарын тегістеу бұрын да жүргізілетін, дегенмен аса мән берілмей келді. Біздің шаруашылықта егістік алқаптарына лазерлік тегістеу жүргізіледі. Жерді тегістейтін аппараттың үстінде лазер орнатылған. Бірінен сәуле тарайды, екіншісі қабылдайды. Техника биік жерге келгенде артық топырақты алып, керісше ой жерге тастайды. Бұл технологияны италиялықтар ойлап тапқан. Сол елде болғанда танысып, артықшылығына көзіміз жеткен соң өзімізге енгіздік. Көршілес Ресей елі әлдеқашан осы әдіске көшкен екен.
Тегістелген жерде су үнемделеді, су деңгейі біркелкі ұсталады. Күріш су басқан атызда өседі. Атыздың көлемі 1 гектардан 7 га дейін барады. Облыс көлемінде негізінен 2,5 гектардан бөлінген. Судың деңгейін 25 см дейін ұстаймыз. Атыз тегіс болмаса су бір жерге аз, енді бір жерге молынан жиналып қалады. Бұл еккен дақылдың шығымына әсер етеді. Сол себепті қазір өңірдегі біраз шаруашылықтар осы әдісті кеңінен қолдана бастады.
Қорыта айтқанда жақсы өнім жинаудың сыры біріншіден егілетін сұрыптарды дұрыс таңдауда дер едім. Екіншіден жерді тегістеу сияқты заманауи технологияларды қолдану. Үшіншіден тыңайтқышты дұрыс пайдалану. Осындай кешенді іс-шаралар арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Техниканың орнына тыңайтқышты таңдадық
«Мағжан және К» ЖШС қаржы директоры Сағидолла Сыздықовтың айтуынша кәсіпорын жаңа маусымға толықтай дайын. «Жанар-жағар майды таратушы оператор шаруашылық жерінің көлеміне байланысты бекітілген мөлшермен береді. Оны көктемгі жұмыс кезінде және өнім жинау басталғанда бөліп - бөліп аламыз. Ал тыңайтқышты әр шаруашылық кімнен, қанша көлемде алатынын өзі шешеді.
Біз Қазақстанда өндірілетін аммофос аламыз, ал карбамид пен аммоний сульфаты Ресей мен Өзбекстаннан жеткізіледі. Жылына 1 мәрте бағасы қымбаттамай тұрып, қыркүйек - қазан айында жеткілікті мөлшерде тапсырыс береміз. Компаниямыз қаржылық жағынан тұрақты. Сондықтан таңдау мүмкіндігі бар. Тыңайтқыштың бағасы ғана емес, компанияның кері байланысқа дайындығы, ұсынылатын сервиске, өнімді жеткізіп беруі сияқты жағдайға мән беріледі. Әрі өнімнің сапасы маңызды. Тыңайтқышқа қаржы үнемдеп, шығынды азайтамын деген бос әурешілік. Біздің шаруашылыққа қатысты айтсам, жалпы шығынның 30 пайызы тыңайтқыштарға жұмсалады, жанар-жағар майға 20 пайыз, қалғаны жұмысшылардың жалақысы, коммуналдық шығындар, техникаға қажетті қосалқы бөлшектер сатып алуға кетеді. Яғни шығынның негізгі бөлігін тыңайтқыш құрайды. Бірақ мұның экономикалық тиімділігін жоққа шығара алмаймыз. Себебі қоректік заттардың тапшылығы бірден өнімге, оның шығымына әсер етеді.
Әрбір кәсіпорында шығыс тұрақты, капиталды және жедел деп бөлінеді. Тыңайтқыш тұрақты шығынға жатады. Биыл оның бағасы айтарлықтай артты, демек басқа позициялар қысқарады. Техника паркін жаңартып, жыл сайын бір ауыл шаруашылығы техникасын аламыз деген жоспар болған. Биыл оны тоқтаттық. Қаржыны техника мен тыңайтқышқа қатар салуға жағдай келмейді. Техниканың орнына тыңайтқыш таңдадық, соған басымдық бердік», - деп көрсетті компания өкілі.
Кәсіпорын биылғы маусымға 1300 тонна түйіршіктелген аммоний сульфатын, 800 тонна карбамид және 760 тонна аммофос алған.
Шаруаның шығыны шаш етектен
Биыл қымбаттамаған тауар қалмаған. Шыққан шығын айналып келгенде дайын өнім мен көрсетілетін қызмет құнына тікелей әсер етеді. Нарық заңы осы. Мәселен бұған дейін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер фосфорды 140 теңгеден алса, биыл оның бағасы 220 теңгеге артты, карбамит 110 теңгеден 330 теңгеге қымбаттаған. Аммоний сульфатының бағасы сәйкесінше 75 теңгеден 200 теңгеге өсті. Жанар-жағар май бағасы былтыр 164 теңге болса қазір 195. Мамандар әлі де қымбаттауы мүмкін дейді.
«Кәсіпорынның шығындары кем дегенде 30-40 пайызға артты. Қаржылық тұрақтылық бар, жиналған қор, соның арқасында жұмыс жүріп тұр. Ал шағын шаруашылықтарда жағдай мүлдем басқаша»,- дейді Сағидолла Мағауияұлы.
"KAZCHEM" топыраққа агрохимиялық талдау жасап береді
Компания өкілдерінің айтуынша 2014 жылы топырақ құрамына агрохимиялық талдау жасалған. Алайда оның нәтижесі қолда жоқ. Сондықтан топырақ құрамына, оның шығымдылығына қатысты нақты айту қиын.
«Казкем компаниясынан аммофос сатып алған болатынбыз. Олар сервистік қызмет аясында топыраққа анализ жасауды тегін ұйымдастырып жатыр. Алқаптан сынама алып, өздері талдау жасап береді. Бұл әрине өте ыңғайлы және қажет шара. Зерттеу қорытындысына сәйкес алдағы күндері жерді минералдар мен тыңайтқыштармен байыту, құнарлылығын арттыру бойынша ғылыми жұмыстар жоспарланады.
Сырдың суы немесе шешімін таппаған күрмеулі мәселе
Қызылордалық диқандар үшін басты қолбайлау су тапшылығы. Жыл сайын қайталанатын бұл мәселе кәсіптің өркендеуіне тұсау болып отыр. Шаруалар егістік алқаптарын амалсыз азайтуға мәжбүр. Қазірдің өзінде Қызылордаға Сырдариядан берілетін судың азайтылатыны айтыла бастаған. Нақты мөлшері алдағы уақытта белгілі болмақ. Соған байланысты фермерлер күріш егілетін алқаптың көлемі қысқартып, орнына бидай, жоңышқа егуге көшкен.
«Мағжан және К» ЖШС биыл 5000 га алқапқа күріш екпекші болған. Су тапшылығына байланысты егістік алқабы 300 гектарға қысқарып, 4700 га жерді құрайды.
«Күріш өсіруге қажетті технологияны меңгердік. Қажетті техниканы алдық. Дайындалдық. Енді су мәселесін шешудің орнына біздерге күріш егуді азайту керек деген сөз айтылуы әрине қисынсыз. Мәселені бұлай шешу дұрыс емес. Қаншама қазба байлығымыз бар, мұнайымыз бар. Соны ақылға салып суға айырбастасақ та бір жолын табу керек. Күрішті біз екпесек ертең бәрібір сыртқы нарықтан алуға тәуелді боламыз»,- дейді С.Сыздықов.
Былтыр облыста 90 мың га алқапқа күріш егіліпті. Биыл су небәрі 70 мың га жерге ғана жетуі мүмкін деген болжам бар.
Негізгі операциялардың бірі еріксіз қысқартылды
«Өткен жылы қуаңшылыққа байланысты жұрттың малы жайылсын деп өнім жиналғаннан кейін көп жерлерде сабанды өртемедік. Жергілікті атқарушы биліктің де халықтың да ұсынысы осы болды. Ал технология бойынша күріш сабандарын өртеп, жерді келесі жылға дайындайтын едік. Оның үстіне жерді жыртуға жұмсалатын жанар-жағар май шығыны бар. Осылардың барлығын ескеріп, негізгі бір операцияны қысқартып отырмыз», дейді агроном А.Пернебекұлы.