Бірер айдан соң еліміздің диқандары көктемгі егіс жұмыстарына кіріседі. Қазір көпшілігі ауыл шаруашылығы техникасына қажетті құрал-саймандарды алдын ала сатып алып, жанар-жағар май мен тыңайтқышқа бөлетін қаржысын есептеп жатыр. Жауын-шашын мен ауа райы болжамы да шаруалардың назарында. Өйткені түптеп келгенде мұның барлығы кететін шығынның, еткен еңбектің өтеуі болмақ. Осы орайда нәпақасын төрт түліктен тауып отырған шаруалардың тыныс-тіршілігі туралы Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Экос» шаруа қожалығының басшысы Нұрлыхан Әуесбекұлы Төреқұловты әңгімеге тарттық.
Нұрлыхан Әуесбекұлы, алдымен «Экос» шаруа қожалығы туралы айтып өтсеңіз. Өзіңіз жетекшілік ететін шаруа қожалығы көп жылдан бері жұмыс жасап, аудан бойынша жақсы өнім алып жүрген диқандардың бірі деп білеміз.
Шамамен 15 жыл бұрын шаруа қожалығын құрған болатынбыз. Егін және мал шаруашылығымен қатар айналысамыз. Қазір бір отар қой мен ірі қара асыраймыз. Сонымен қатар арпа мен бидай егеміз. Меншігімізде 200 гектар алқап бар. Шаруа қожалығының бар жұмысын ұлым екеуміз атқарамыз. Тек трактор мен басқа да ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуден өткізіп, көктемгі егіс жұмыстарына дайындайтын уақытта қосымша екі адам жұмысқа тартылады. Яғни маусымдық жұмыстар кезінде механизаторлар қажет болады. Осы тұста маман тапшылығын да айта кеткен жөн деп білемін. Біз сияқты шаруа қожалықтарына техниканың тілін білетін механизаторлар аса қажет. Еңбегіне қарай келісіп, ақысын төлеуден ешкім қашпайды. Біздің шаруашылық науқан кезінде екі маманды тұрақты түрде жұмыспен қамтамасыз етеді.
Мемлекеттің қолдауының арқасында өткен жылы құны 10 млн 500 мың теңге тұратын екі Беларусь МТЗ 952.2 тракторын сатып алдық. Жаңа техниканың арқасында еңбек өнімділігі айтарлықтай артты.
Жоғарыда 200 гектар жеріміз бар дедіңіз. Осы алқапқа толықтай егін егіле ме? Соңғы жылдары қамбаға бидай қаншалықты түсіп жатыр?
Жақсы өнім алуға әсер ететін бірнеше фактор бар. Тұқымның сапасы, топырақтың құрамы, ылғал, тыңайтқыштар мен минералдар, қолданылатын технология ойдағыдай болса еткен еңбегің еш кетпейді. Егін бітік шығуы үшін диқан осы жағдайлардың бәрін ескеріп, кемшін тұсын алдын ала реттеуі керек. Мәселен бұрын біздер тек жерді жыртып, тұқымды себуімен шектелетін едік. Сөйтіп күзде шыққан өнімді қанағат тұтып жинап алатын едік. Жауын-шашын немесе құрғақшылықтың тікелей әсері бар екені бәрімізге түсінікті. Дегенмен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиясы деген бос сөз емес, оны сақтау арқылы көрсеткіштерді жақсартуға болатынына көзіміз жетті. Ол үшін біз не істейміз дегенге тоқталсақ. Әуелі егіс алқабын екіге бөлдік. Бір жыл бір бөлігіне ғана дәнді-дақылдарды егеміз, екінші жартысы жыл бойы тынығады. Культивация жасалып, жыртылған жер қопсытылып, қайтадан тегістеледі, тыңайтқыштармен топырақ құрамын байыту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Яғни жер күйге келтіріледі. Топырақтағы түрлі қоспалар тапшылығы жойылады. Біздің ауыл тастақ жерде орналасқан. Оның үстіне таудың бөктері болған соң қыс бойы жауған қар көктемде еріп, ағып кетеді де топыраққа ылғал сіңіп үлгермейді. Сол үшін міндетті түрде топырақты аммофоспен байытамыз. Әдетте гектарынан 10-15 центнер өнім жиналады.
Өткен жылы елімізде қуаңшылық болғанын білесіздер. Соған байланысты өнім жинау көрсеткіші төмендеді. Орташа алғанда өсім 5 пайыздай ғана болды. Кейбір шаруашылықтар шыққан шығынды ғана ақтайтын өнім алды.
Шаруалар сатып алатын тыңайтқыштар толықтай субсидияланады ма? Аммофостан басқа қандай тыңайтқыштар қолданасыздар?
Егіс алқабына себілетін тыңайтқыш негізінен аммофос пен селитра. Бізге былтыр субсидиямен 3 тонна аммофос бөлінді. Кейін тағы 7 тонна тыңайтқышты өзіміз сатып алдық. Егін бітік шығып, зиянкестерге жем болмауы үшін әрине аммофос керек. Оның нәтижесін көріп те жүрміз. 7 жылдан бері тыңайтқышпен топырақты байытатын болдық. Бағасы да нәтижесі көңілге қонымды. Шамамен 1 гектарға 120 кг тыңайтқыш жұмсалады. Тұқым топыраққа түскен соң үш минуттан кейін аммофос себіледі. Оны жеңілдікпен алу үшін құжаттарды өткіземіз. Шешім шыққан соң бірден аудан орталығына барып, өзіміз тапсырыс берген көлемде жеткізіп аламыз. Сонымен қатар жанар-жағар май алуға субсидия қарастырылған. Мұның барлығы бізге әрине қолдау. Себебі шаруаның шығыны шаш етектен. Жанар-жағар май құнының 10 теңгелік айырмашылығы бар. Бірақ оған қарамай, өз қалтамыздан ақша шығарып, қажетті мөлшерде сатып аламыз.
Алдағы уақытта егіс алқабын көбейту жоспарыңыз бар ма?
Шөбі шүйгін, егіні бітік шығатын шұрайлы жер кез келген шаруаға қажет. Өкінішке қарай жердің жетіспеушілігі проблемасы бар. Сондықтан алқапты көбейту оңай жұмыс емес. Әзірге ауылдастарға тиесілі жерді жалға алу арқылы бұл мәселені шешіп жүрміз. Кейде техникасы тапшы не басқа да мәселесі бар адамдар жерін біз сияқты фермерлерге жалға береді.
Күзде өнімді жинаудан кейін оны іс қылып сату бар. Бұл жағы қалай шешілген, бидайды аудан орталығына апарып өткізесіз бе?
Біз тек егін егу және жинап алумен айналысамыз. Өнімді өткізу жағы қаржылық жағынан тиімсіз деп санаймын. Өйткені қожалықтың меншігінде КамАЗ көлігі жоқ. Оны жалға алу қажет. Жеткізу мен өткізу кейде артық шығын болып, өзін өзі ақтамайды. Сол үшін ауылға арнайы келетін алып-сатарларға өнімді өткіземіз. Тек тұқымдыққа ғана қалдырып, қалғанын осындай жолмен сатылып жатыр.
Сіздерде ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе жеткілікті. Бұл салаға енді ғана араласып, кәсіп бастап жатқан мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
Еңбек етуден қашпау керек. Кез келген кәсіптің нәсібі бар. Тек соның көзін табу керек. Техника да, технология да, түрлі минералдар мен тыңайтқыштар да жеткілікті. Оның барлығын жөнімен пайдалансақ нәтиже шығады.
Əңгімеңізге рахмет!